08 Маус 2021
Жаңалықтар

Күйші, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 160 жыл.

Күйші, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 160 жыл.
Күй өнері – қазақ халқының ең құнды, бағалы мұраларының бірі. Қаны мен жанында күй ойнаған ұлтымыз тума таланттарға кенде емес. Сондай дарын иелерінің бірі – қазақ өнерінде өзінің өшпес ізін қалдырған күйші, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 160 жыл толып отыр.
Дина Нұрпейісова Бөкей ордасы, Нарынның Бекетай құмы жерінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Кенже еркесін домбыра үнімен әлдилесе, анасы Жәниха қызын бесік жырымен тербеткен. Дүние дидарын ашқан сәттен бастап домбыра үніне құлақ құрышын қандырып өскен дарынды Дина бес жасында әкесінің домбырада тартқан күй саздарын пернелерге дұрыс түсіруге әуестене бастайды. Қызының бұл қабілетін аңғарған әкесі де риза көңілмен бар білгенін қызының бойына сіңіруге күш салады. Тоғыз жасында әкесінен үйренген әндер мен күйлерді меңгеріп, домбырада еркін ойнай бастаған Динаны айналасындағылар «домбырашы қыз» деп атап кетеді.
Күй өнерінде есімі қастерлі Құрманғазы осы ауылға ат басын бұрып,сол сапарында Динаның домбырада ойнауын байқап, әкесіне болашақта қызынан жақсы күйші шығатынын айтады.Сол сәттен бастап Динаның өнердегі алғашқы тұсауын кесіп, ұстаздық еткен Құрманғазы кездескен сайын шәкіртінің домбыра тартысына мән береді. Ол үнемі: «Домбыраны қолыңа алғанда, оны тартпас бұрын ең алдымен құлақ күйін келтіріп, әбден баптап ал, тек осындай дайындықтан соң ғана домбыра тартуға кіріс», – деп домбыраның қыр-сырын үйрете бастайды. Ұстазының сөзін ұстаным етіп алған Дина тек Құрманғазының күйлерін тартумен шектелмей, есімдерін ел білетін күйшілер Дәулеткерейдің, Соқыр Есжанның, Әлікей, Баламайсандай көрнекті халық композиторларының шығармаларын да нақышына келтіріп орындайды. Ол көптеген домбыра сайыстарына қатысып, өнерін үнемі шыңдап отырған.
Д.Нұрпейісова ғұмырының соңғы кезінде шығарған «Той бастар», «Домалатпай», «Науысқы» («Науаи»), «Әсемқоңыр», «Жігер» сынды аса айшықты шығармаларымен өнерсүйер қауымның жүрегінде қалды.
Қазақтың күйші қызы Дина халық алдына соңғы рет 1952 жылы 91 жасында шықты. Ал 1955 жылдың 31 қаңтарында күйші Алматы қаласында дүниеден өтті.

Пайдалы ақпараттық ресурстар