08 Маус 2021
Жаңалықтар

Ұстаз – ұлы есім!

Ұстаз – ұлы есім!
Ауданымыздың ұлағатты ұстаздарын дәріптеу, олардың үлгілі істерін өскелең ұрпаққа дәріптеу, болашақ мамандарға үлгі ету біздің міндетіміз. Осындай ұлағатты ұстаздарымыздың бірі Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі, зейнеткер Нұрғалиева Сәуле Есенқызы. Сәуле Есенқызы 1958 жылдың 23 ақпанында Шығыс Қазақстан облысы,Тарбағатай ауданы,Шілікті ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Покровка мектебіне оқуға барды. Мектеп қабырғасында жүргенде сабақты жақсы оқуымен қатар ,өлең жазумен шұғылданды. Өлеңдері мектептің қабырға газеттерінде,аудандық,облыстық газет-журналдарда жарық көрді.1975 жылы мектепті жақсы бітіріп,Өскемен педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түседі. Институт қабырғасында жүргенде «Жас толқын» әдебиет үйірмесінің белсенді мүшесі болады. Үйірмеге Ұлықбек Есдәулетов,Серік Ғабдуллин,Ғалым Байбатыров сынды ақын-жазушылар жетекшілік етеді. Сол жылдары үйірме жұмыстары теледидардан насихатталып ,өлеңдері облыстық басылымдарда жарық көрді,жас тілшілердің облыстық слетіне қатысты. 1979 жылы институтты бітіріп,өзі оқыған Покровка орта мектебіне (қазіргі Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектеп) математика пәнінің мұғалімі болып орналасады.Шәкірттерге сапалы білім ,саналы тәрбие беруде аянбай еңбек етеді. Өз пәні бойынша білім алған түлектері еліміздің әр жерінде қызмет атқарып,биіктерден көрінуде. Аудандық олимпиадада жүлделі орындар алған оқушылар қатарында Серікхан Қыран,Кеңесбекова Қарақат,Қосын Ерзат,Шөкен Жалын,Дайырбек Жәукен бар.Математика пәні бойынша жоғарғы оқу білім грантына даярлап түсірген оқушылары да көптеп саналады.Серікова Назерке,Қасыман Өржан,Қасыман Балжанар,Шөкен Жалын,т.б. Үздікке бітіргендер қатарында Тоқтасынов Әділет,Шұғаева Нұргүл,Ғазизова Айнұр,Құрметова Балқан,Ғазизов Айдын,Смағұлов Аян сынды математика пәнінен жоғары көрсеткішке ие болған шәкірттері көп.Осы мектепте өз ісін жалғастырушы Ғазизова Айнұр, Мамытова Индира сынды шәкірттері еңбек етеді.Ұстаздық ете жүріп,мектептің қоғамдық өміріне белсене араласады. Аудандық мүшәйраларға,шығармашылық кештерге қатысып,ұстаздық шеберлігін өлең жазумен ұштастыруда.

Пайдалы ақпараттық ресурстар